39-шы разъезд теміржолшысы

None
None
Бес-алты үйлі шағын разъезді көзге елестетіңізші. Тек теміржолшылар тұрады. Разъезд тұрғындары қос жолақ темір жолмен ары-бері жөңкіліп жатқан пойыздарды тек көзбен қарсы алып, шығарып салады. Бірде-бірі тоқтамайды. Тек теміржолшы формасын киген кезекші, белгі беруші, жолшы, байланысшы, т.т. сол болат жолдың бойымен жүйткіген құрамдардың қауіпсіздігі үшін күні-түні тыным таппай жол ториды.

Әне, бүгін де Астанаға  өтіп бара жатқан жолаушы пойызын кірпік қақпай шығарып салып тұрған разъезд кезекшісінің қолындағы жалауша өкпек желмен жарысып желп-желп етеді...

Өз ісіне, сеніп тапсырылған қызметіне адалдық - теміржолшы қауымның әлдебір құжатпен бекітілмесе де, бұлжытпай орындайтын асыл қағидасы іспетті.  Аязбек Рысбеков те саладағы жұмысын сондай бір жауапкершілікпен атқаратын тәжірибелі де кәсіби мамандардың қатарынан.

Ақмола жол бөлімшесінің аумағындағы 39-шы разъезінің белгі берушісі болып істейтін Аязбек бұған дейін тапжылмай 14 жыл бойы жүк пойыздарының кондукторы болған екен. Бірақ үнемі жолда жүру жалықтырған соң ос разъезге тұрақтаған, алдымен  вагон құраушы болып біршама еңбек етіп, кейін  белгі беруші кәсібін меңгереді.  

- Жұмысымыздың сипатына тоқталсам, ауыстырылмалы белгілерді қажет тұста орната қойып, дұрыс сақталуын қамтамасыз етеміз. Разъезд  үстінен өтетін пойыздарды бақылап, жолшыларға қол ұшын созамыз. Тағы бір өздігінше маңызды мәселе, құрамдарды рұқсат еткенше қозғалмайтындай тежеуіш табандықтармен нығарлаймыз. Жолдың бостығын, бағдарды қабылдағанда жөн-жосығын назарда ұстаймыз,- деді біздің келесі сауалымызға орай.

Ұйқысынан шырт оятып, сұраса да белгілерді орнату мен тежеуіш құралдарды кәдеге жарату тәртібін, телефон немесе радиостанция байланысын қолдану ережесін, еңбек қорғау баптарын, саналуан техникалық актілерді, станциядағы технологиялық үдерістің қыр-сырын, бағыттамалы бұрмалар мен телімдер мән-жайын, тағы басқа да құзырындағы жайттарды жатқа соғатын қарапайым еңбек адамының ыждаһаттылығы көпке өнеге болары даусыз.

Бүгін де міне, бес-алты үйлі шағын ғана разъезде ары-бері  өтіп жатқан жүк және жолаушы құрамдарын қарсы алып, шығарып салып жатқан теміржолшылар қатарында   Аязбек Рысбеков  әдеттегідей рациясын қолға алған күйі,  сонау алысқа көз тастап тұр. Жанына келген жүк қабылдап-тапсырушы Алтынбек Жаймағамбетов «почта келе жатыр!» деді көтеріңкі дауыспен. Яғни, шағын разъезге бірнеше минут болса да аялдап коррестонденция, газет-журнал тастап өтетін  жергілікті пойыздың келе жатқанын хабарлап жатыр...

39-шы  разъезд  теміржолшылары жергілікті пойызды қарсы алуға төрт көзі түгел шықты. 5-6 жаңа вагондардан тұратын жергілікті пойызбен бірінің қалада оқитын қызы, бірінің ұлы келеді, базарлап кеткендер де осы пойызбен оралады.

                                                                                                                  Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
                                                                                                                  Суретті түсірген Әділбек ТӘУЕКЕЛ

Сейчас читают