Мұрат Әбенов: Жоғары білімді жұмыссыздар 1,5 млн. адамды құрайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шетелдің инновациясын алып келіп, жергілікті жерге орнықтыруымыз керек.

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрғасының орынбасары Мұрат Әбенов Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында «Ауыл шаруашылығына инновациялық жетістіктерді енгізу мүмкіншіліктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында айтты.

Кездесуде инновациялық жетістіктерді енгізу арқылы облыс ғалымдарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру жолдары талқыланды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрғасының орынбасары Мұрат Әбенов: «Инновацияны ауыл шаруашылығына енгізу керек. Мұнайдың бағасы төмен түскен кезде бюджетімізге түсім азайды. Алдағы уақытта мұнайдың бағасы қымбаттамайды. Бізге өз өнімдерімізді көбірек шығару ғана қалып отыр. Ал енді өз өнімімізді көбірек шығару үшін бәсекелестікке қабілетті болмаса болмайды. Бәсекелестікке қабілетті жасау үшін әрине, бірінші кезекте, жаңа технологиямен шығарылған өнім болуы керек. Жаңа технология болу үшін ғылыми ізденістер қажет. Өкінішке орай, бізде ғылыми ізденістерге қаржы өте аз бөлінеді. Жалпы 95 пайыз қаржы ғылыми ізденістерге кетеді, өндіріске ешқандай пайдасы жоқ. Сол себептен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы мәселені қолға алып жатыр. Нақты қаржыларды бақылау үстіндеміз. Қазір бізге нақты қажетті, тиімді инновацияларды енгізу керек. Керек болса шетелдің инновациясын алып келіп, жергілікті жерге орнықтыруымыз қажет. Қазір осы мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алып жатыр және бұл мәселе Қызылорда облысына да өте қажет. Жұмыссыздық деңгейі ауылдарда өте көп. Егер біз ауылға тиімді технологияларды алып барсақ онда бизнес, өндіріс күшейеді», - деді ол.

Сондай-ақ Әбенов жастарды кәсіпкерлікке, әсіресе шағын, орта бизнеске  тарту мәселесіне тоқталды.  Оның айтуынша, қазір жоғары білімділердің арасында жұмыссыздық деңгейі 1,5 млн. адамды құрайды. Сондықтан жастарға кәсіпкерлік  негіздерін студенттік партадан оқыту керек.

«Қазір әр салада кәсібін бастап кеткен жастар көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан кәсібін ашамын деген жастарға көптеген бағдарламалар жұмыс жасауда. Соның бір айғағы ағымдағы жылы «Атамекен» ҰКП және облыс әкімдігі біріге отырып, «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы аясында ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 660 миллион теңге қаржы бөлді. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатысында тегін толық ақпарат ала отырып, оқу курсынан өтулеріңізге болады, - деп өз кезегінде сөз алған Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қазір кәсібін ашамын дегендерге көптеген мүмкіндіктіктер барын айтты.

Кездесуде институт директоры, серіктестіктер, қожалықтар басшылары және студент жастар өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар