ЕҰУ өз жер серігін ғарышқа шығармақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы ЕҰУ ғарышқа өз күшімен құрастырылған бірінші жерсерігін шығарады деп жоспарлануда. Бұл туралы аталған ЖОО-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Біздің мақсат - ғарышқа өзіміздің алғашқы жерсерігін жасап, шығару. Ең бастысы біз оны басқа жақтан сатып алмай, өзіміз жасаймыз, - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өзінің халықпен есептік кездесуінде.

Сонымен қатар ректор «ғарыштық техника мен технология» кафедрасының магистранттары мен мамандары ғарыштық кеңістік мониторингі жөнінде кәсіптік деңгейде толықтай жұмыс жүргізуде деп атап өтті.

Университет мақсаты - ғарыштық саладағы әмбебап маман дайындау. Бұл жөнінде Елбасы: «Қазақстан ғарыштық держава болу керек. Бұл үшін үлкен қаражат бөлінген, ең үздік деген мамандар тартылуда және мемлекеттік құрылымдар жасалуда» деген, - деп атап өтті Ерлан Батташұлы.

Тағы бір тоқталар жайт, 2015 жылдан бастап университет «Ғарыштық техника мен технология» және «Құрылыс материалдарының бұйымдары мен конструкциясын жасап шығару» мамандықтары бойынша магистранттар даярлауда.

Биыл тағы 3 мамандық: «Биотехнология», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Жылу энергетикасы» ашылды.

Жалпы сомасы 449 104,0 теңгені құрайтын «Құрылыс материалдары мен бұйымдарының зертханасы» және «Кіші ғарыштық аппараттар зертханасы» атты 2 зертхана құрылды. Бұл құрылымдық бөлімшелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Құрал-жабдықтарды пәнаралық ғылымдарда: физика, нанотехнология, физикалық және аналитикалық химия, биотехнология саласында қолдануға болады.

Жыл соңына дейін тағы екі зертхана ашу жоспарда бар. Бұл мамандықтарда 568 магистрант білім алады. Бұл мамандықтар бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламасы құрастырылған. Оқу бағдарламасын жүзеге асыру үшін Германия, Оңтүстік Корея, Польша, Түркия және Қытайдың серіктес университеттерінен мамандар жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар