БҚО-ның кейбір аудандарында қыс кезінде жол толық аршылмайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандарында қыс кезінде елді мекендер арасындағы жолдар толық аршылмайды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мәлім етті.

Осыған орай селекторлық жиында аталған аудандар басшылары түсінік берді. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, Орал-Атырау жолынан бұрылатын Алғабас ауылына дейінгі 38 шақырым жол шынында да өткен қыста қардан дұрыс тазаланбаған. Биыл гидротораптың тұсына «К-700» тракторы бөлінеді. Оған қоса бір автогрейдер алынған, енді алдағы қыста қиындық бола қоймас.  Сол секілді Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков қар тазалаумен бірінде 7, екіншісінде 8 техникасы бар қос компания айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ 32 шаруа қожалығымен 36 техника тартуға келісімдер жасалған. Ал Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайырдың сөзіне қарағанда, үлкен ауданда 700 шақырымнан асатын жол болғандықтан, оның бәрін бір күнде тазалау қиын, сондықтан созылып кететіні рас.

Өңір басшысы аудан басшыларына өткен қыс кезінде орын алған олқылықтардың қайталанбауы үшін барлық шараларды дер кезінде қолға алуды тапсырды. Сол секілді көктайғақ кезінде жүк көліктері жүре алмай, облыс аумағында жол кептелістерінің болғаны белгілі. Бұдан да тиісті қорытынды шығарып, алдын ала дайындалуға тура келеді. «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Бауыржан Темірхановтың сөзінен белгілі болғанындай, жолға себілетін инертті материалдар 25 пайызға ғана дайын екен. Ал 49 техниканың 67 пайызы әзір.  Қыс кезінде республикалық маңызы бар жолдарда қолайсыз жағдайлар туындамас үшін аталмыш мекемеге қосымша техника тарту қажет болады.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің баян еткеніндей, алдағы жылыту маусымына бюджеттік мекемелерге 4,4 мың тонна көмір мен 1,4 мың сұйық отын қажет. Өңірде 645 білім беру нысаны түгелдей, 407 денсаулық сақтау нысанының 403-і, 379 әлеуметтік нысанның 376-сы, 1269 тұрғын үйдің 1140-ы қысқа дайын. Оралда 129 тұрғын үй әлі дайындық құжатын алмаған. Облыстық жолдар мен көпірлер қызметімен 1392 шақырым республикалық маңызы бар  және 1758 шақырым облыстық маңыздағы  жолдар күтіледі. Қысқы суықта жолдағы жолаушылардың амандығы үшін 21 жылыту пункті әзірленген. Жалпы 228 қар басуы ықтимал жол телімдері анықталған. Облыс бойынша қыста төтенше жағдайларды жоюға 182 техника, 458 адам жұмылдыру ойластырылған. Осы орайда өңірге 13 арнайы техника алу қажет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева жергілікті қазына есебінен тұмауға қарсы 45 мың доза ресейлік екпе сатып алынғанын жеткізсе, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев қысқа әзірлік жұмыстары мен бюджеттік мекемелерге отын сатып алуға 6,9 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Мысалы, күні бүгін 1126 тонна сұйық отын (жоспардың 80 пайызы), 3234 тонна көмір (47 пайыз) жеткізілген, бұл жұмыс жалғасуда.

Жиынды қорытындылаған Алтай Көлгінов қыста күтпеген жағдайлар орын алмас үшін оған тастүйін дайын болу керектігін атап көрсетті. Қазіргі кезде Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған байланысты облыс әкімі тиісті қызметтер басшыларына қыс және көктем кезінде қиындыққа тап болмас үшін аталмыш жол бойындағы жұмыстарға қатысты барлық мәселені екі апта ішінде тиянақтауды тапсырды.

null 

Соңғы жаңалықтар