Ауылды сумен қамту мәселесін шешу жолы бар - Үкімет аптасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыру, ауыл халқын жұмыспен қамту және кооперацияларды дамыту мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылған 2011-2015 жылдар аралығында қол жеткізілген жетістіктерді ғана айтып қоймай кемшіліктерге де тоқталды. «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру аясында сумен жабдықтау және су бұру желілері зерттелді, 53 қала бойынша инвестициялық негіздеменің бағдарламасы әзірленді. Нәтижесінде,  сектордың жалпы инвестициялық қажеттілігі 1,97 трлн. теңгені құрайтыны белгілі болды. Бұл республикалық бюджетке көп салмақ салады. Су арналарының нормативтік ысырабы 17-23 пайызды құрайды. Тарифтердің өсуін ескере отырып, қалалық елді мекендердегі су арналарын қаржыландыру бойынша бюджетке түсетін жүктемені төмендету орынды деп санаймын. Бұдан басқа, ірі қалаларда қалалық коммуналдық су арналарының тиімсіз менеджментіне байланысты су ресурстарының ысырабы көп, тарифтер мен қаражатты жинау деңгейі төмен. Осыған орайда, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау проблемасын шешу үшін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатынасын енгізу ұсынылады. 2005 жылдан бері сумен жабдықтау және су бұру саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жасаған келісімдердің жалпы құны шамамен 11 млрд. долларды  құрайды»,-  деді ол.

Министрдің айтуынша, облыс орталықтары мен ірі қалаларды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін өңірлік су арналарын  техникалық серіктестіктермен бірлесіп басқаратын, білімі мен тәжірибесі бар бірыңғай операторға беру ұсынылады. Содан соң инвестициялық мүмкіндігі бар жеке әріптесті тартқан орынды. Өйткені олардың шығындары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңда көзделген тетіктер арқылы өтелетін болады. Бірыңғай оператор басқарған кезде су арналарын жекешелендіру үшін оларды коммерцияландыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіледі. Сондай ақ, халықаралық қаржы ұйымдарымен табысты жұмыс істеп жатқан және жеке инвестор тартуға дайын су ішінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша ілкі жобалар белгілеу қажет. Ілкі жобаларды іске асыру үшін су арналарының  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қарым-қатынасқа кезең-кезеңмен көшу кестесін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының шарттарын, индикаторларын және көрсеткіштерін әзірлеу керек.

«Ауылды сумен жабдықтау секторы жеке капитал үшін инвестициялық тартымды болып есептелмейді. Себебі ауылдар бір-бірінен қашық, халық саны аз, төмен тариф және көрсетілген қызметтердің өзіндік құны жоғары. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 6670 АЕМ-ның (ауылдық елді мекен) ішінен орталық су жүйесімен 3 616 АЕМқамтамасыз етілген. Қалғаны сумен қамтамасыз етілмеген 3054 АЕМ-ның  ішінде 2294 ауылда 500 адам тұрады. Ол аумақтарда экономикалық негізі бар және арзан орталық су жүйесін тарту, су бұру жүйелерін құру үшін халық саны жеткіліксіз. Ауылдық елді мекендердегі тарифтер халық үшін өте қымбат және инвестицияны қайтару үшін жеткіліксіз. Нәтижесінде, Қазақстанның басым бөлігінде сумен қамту және су бұру қызметі өз беттерінше жабдықтау негізінде көрсетіледі»,-  деді Бишімбаев.

Осы орайда Бишімбаев ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін бірқатар ұсыныс жасады. Біріншіден, АЕМ-дегі су арналарын тиімді басқару үшін топтық су тартқыштарға «тәуелді» су арналарын «Қазсушар» РМК-ның бірыңғай басқаруына беру мәселесін қарастыру қажет.  Екіншіден, «бытыраңқы» су арналарын ұстауға жұмсалатын шығыстарды оңтайландыру мақсатында сумен жабдықтайтын операторларды біріктіру мүмкіндігін қараған орынды, оның ішінде ауылдық су арналарын аса ірі су арналарына қосу арқылы ірілендіруге болады. Үшіншіден, «Ақ бұлақ» бағдарламасында іске асырылмаған жүйелі және кешенді тәсілдерді қайта жандандыру қажет. Осы тәсілдерде ауылдық елді мекендердегі халық санына байланысты белгіленген өлшем шарттарға сәйкес ауыз сумен жабдықтау жобаларын іріктеу талаптары қамтылған.

Келесі кезекте сөз алған Атырау облысының әкімі  Нұрлан Ноғаев өңір халқын сумен қамтып отырған Жайық және Қиғаш өзендері тайыздап бара жатқанына алаңдаушылық танытты. «Атырау облысында ауыз су негізінен Қиғаш және Жайық өзендерінен алынады және көп елді мекендер Астраxань-Маңғышлақ су құбыры арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Сіздің назарыңызға қойып отырған мәселеміз және осы отырыстың xаттамасына енгізуіңізді сұраймыз. Жайық және Қиғаш өзендері тайыздап келе жатыр. Жазғы мезгілдерде осы су құбырынан су тұтынып отырған Атырау облысының елді мекендеріне су жетпейді. Су проблемасы бар», - деді облыс басшысы.

Осы ретте Ноғаев бұл мәселені шешу үшін Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты су қорынан құбыр тартуды ұсынды.«Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданында Көкжиде жерасты су қоры бар. Кезінде 80-жылдары бұл қор зерттелген. Тәулігіне 200 мың текше метрге дейін су шығаратын мүмкіншілігі бар. Мамандардың айтуы бойынша, бұл толығымен зерттелмеген. Оның тәулігіне 500-600 мың текше метр су беретін мүмкіншілігі бар. Егер осы су қоры жұмыс жасап тұратын болса, онда осы жерасты су қоры өте пайдалы. Себебі фильтрациялық қасиеттері жұмыс жасап тұрған кен орнында су сапасы жақсарады. Осыны ескере отырып, Көкжидеден Құлсары қаласына дейін су құбырын жүргізу бойынша мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Арақашықтығы 300 шақырым. Бұл бүгін-ертең шешілетін мәселе емес. Қазіргі таңда Сіздің алдыңызға қойып отырғанымыз, осы су қорын кеңінен зерттеп, мүмкіншіліктерін пайдаланып, ал су құбырын салуды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік принципімен салу мәселесін тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруыңызды сұраймыз. Себебі Атырау облысында сумен қамту мәселесі жылдан жылға шиеленісіп барады», - деді Атырау облысының әкімі. 

Мәселені түйіндеген Бақытжан Сағынтаев «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүйеге асыруда кемшіліктерге жол берілгендігін ашық айтты. «Менің ойымша, жақсы талқылау болды. Өйткені, ауыз су - күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Жоғарыда айтып өткендей, ауыз су мәселесі Елбасының тікелей бақылауында тұр. Әсіресе, ауылдық жерлердегі елді мекендерді сумен қамтамасыз  ету - күрделі мәселе. Оны шешу жолдары бар. Оны біз қарастырып жатырмыз. Дегенмен, қазіргі әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты кезінде «Ақ бұлақ» бағдарламасын бастаған кезде бөлінген қаржы көлемі бюджетті секвестрлеу жасаған кезде қысқартылған болатын. Осыған орай елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі біраз төмен түсті», - деді Үкімет басшысы.

Дегенмен Сағынтаевтың айтуынша, ақша көлемінің қысқарғанына қарамастан соңғы 3-4 жылдың ішінде ауылдық жерлердегі елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бұрынғы 42 пайыздан 51 пайызға дейін көтерілді. Қалалық жерде 87 пайызға дейін артты. «Бұл - жақсы көрсеткіш. Дегенмен, жағдай солай екен деп қарап қалмауымыз керек. Мәселе қосымша қаржы көзін іздеуде емес сол бағдарлама ішінен қарап, тиімсіз пайдаланылып жатқан қаржыны дұрыс жолға көшіруде. Жобаны жасаған кезде жіберген бірқатар олқылықтарымыз да бар. Соның бәрін дұрыстап қарасақ қомақты қаржы шығады», - деді ол.

Премьер-Министр халық ауыз суды ең бірінші кезекте әкімдерден сұрайтындығын, сондықтан  бұл мәселеге жергілікті жерден де қаржы бөлінуі тиістігін баса атады. «Үкімет тарапынан қаржы берілсе, онда әкімдік тарапынан да суға қаржы бөлген дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, кезінде 2007 жылдан бастап жергілікті жолдарды салу кезінде Үкімет тарапынан берілген ақшаға қосымша жергілікті жерлерден де қаржы бөлінді. Яғни, жергілікті жерден қанша қаржы бөлінсе, сонша көлемде республикадан да бөлініп отырды. Бұл әкімдерді ынталандыру үшін жасалған еді. Біз екі жақтап қаржы бөліп отырсақ сумен қамтамасыз етілмей отырған 48 пайыз елді мекеннің бәрін жылдам уақытта сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», - деді Сағынтаев. 

 

Ауыл халқына еңбек етуіне толық мүмкіндік беру қажет

 

Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов ауыл халқын жұмыспен қамту және кооперацияларды дамыту мәселелерін қозғады. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға бағытталған «Ынтымақ», ауыл шаруашылығы малдарын өсіруге арналған «Игілік», сүт қабылдайтын пункттер құруға арналған «Бірлік», отбасылық бордақылау алаңдарын құруға арналған «Береке» деп аталатын жаңа несие өнімдері бекітілген. Үкімет тарабынан қаржылық мәселесі толық шешіліп, 31,8 млрд  теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы кооперативтерді қаржыландыруға ҚазАгро желісі арқылы қосымша  10 млрд теңге де қарастырылып отыр. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін шағын несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы  2020»  бағдарламасын бекіту жөніндегі Үкіметтің қаулысына қосымша енгізілетін болады. Аталған қосымшалар бір рет берілетін несие көлемін 16 млн теңгеге дейін ұлғайтып, несиелеу мерзімін 7 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. ҚазАгроның еншілес ұйымы арқылы сүт қабылдайтын және мал соятын пунктерді алғашқы жарнасыз лизингке беру арқылы сатып алу сызбасын әзірледі. Бастапқы жарна болып инвестициялық субсидия саналады және кепілге сатып алынған құрал-жабдық алынады.

Сонымен қатар вице-министр жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуіне бірқатар заңнамалық кедергі бар екендігін де айтты. «Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру барысындағы заңнамалық сипаттағы бірқатар түйткілді мәселеге тоқталсам. Салық кодексіне сәйкес, арнайы салық режімін пайдаланатын заңды тұлғалар кооператив құрамына кірген жағдайда арнайы салық режімін одан ары пайдалану мүмкіншілігін жоғалтады. Өйткені, кооператив арнайы салық режімін пайдаланатын заңды тұлға саналады. Осыған орай аталған кедергіні жою мақсатында Салық кодексінің 448 бабы 3 тармағын кооперативтер үшін алып тастау ұсынылады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуіне кедергі болатын тағы бір фактор - ауыл шаруашылығы малдарының қиына экологиялық эмиссия төлеу бойынша кооперативтердің міндеттемесі болып отыр. Ал жеке қосалқы шаруашылықтары үшін мұндай төлем көзделмеген.

«Министрлік тарабынан (Ауыл шаруашылығы министрлігі) Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатқан Салық кодексіне қосымшалар енгізу туралы заң жобасына аталған мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізілді», - деп атап өтті Айтуғанов.   

Мұнан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесіп, үшжақты жоспар жасағандығын атап өтті. Аталған жоспар ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс нақты міндеттер мен индикаторларды айқындайды. «Қол қойылған жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін әкімдіктер 100 сүт қабылдайтын пункт пен 2 мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңын біріктіретін 150 ауыл шаруашылығы кооперативін құратын болады. 2016 жылдың 15 қазанындағы жағдайға сәйкес 28 сүт қабылдайтын пункт пен 3,2 мың отбасылық бордақылау алаңы құрылды. Нәтижесінде 15 мың жеке қосалқы шаруашылық тартылды», - деді ол.

Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова биылғы жылы шағын несие беру үшін республикалық бюджеттен 30,8 млрд. теңге қаралғанын, бұл сома 9 мыңнан астам азаматқа беріліп, оның аясында 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатындығын айтты. Оның сөзіне қарағанда, шағын несие екі бағыт бойынша беріледі. Біріншісі, ауыл шаруашылығы министрлігінің тұжырымдамасы мен «Нұр Отан»  партиясының ауылда жұмыспен қамту бірлескен жобасы. Оның аясында бағдарлама қатысушысы өзінің капиталымен немесе сатып алған тауарымен жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамына бірігеді.

«Мұндай ауыл шаруашылығы кооперативтері ет бағытында Ақтөбе облысында, сүтті қайта өңдеу бағытында Жамбыл облысында, ара шаруашылығы бағытында Шығыс Қазақстан облысында, мақта шаруашылығы бағытында Оңтүстік Қазақстан облысында және майлы дақылдар бағытында Солтүстік  Қазақстан облысында құрылады.  Немесе жеке қосалқы шаруашылық базасында шағын тауарлы өндіріс құрылады. Бүгінгі күні бұл сызба бойынша ілкі режімде Алматы, Ақтөбе, Жамбыл,  Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сомасы 3 млрд. теңгеден асатын 740 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы шағын несие көлемі 6 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал жол картасы аясында 3 млн. теңгеге дейін ғана болған еді. Екінші бағыт «Жол картасы - 2020» аясында жүзеге асырылған қарапайым сызба. Оның аясында шағын несие 3 млн. теңгеге дейін беріледі. Айта кетерлігі бұл бағытта ағымдағы жылы  6427 адам шағын несие алып үлгерді. Оның 4 мыңға жуығы алғаш рет өз кәсіпкерлігін жолға қойып отыр»,  - деді  ол.

«Негізінен ауылдың халқы - еңбекқор халық. Есігінің алдында бес-алты телім жерінде малы бар. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін қыбырлап жұмысын жасайды. Сол себептен осы еңбегін ары қарай жалғастыру үшін оларға толығымен мүмкіндіктер беру керек. Ол біріншіден, қаржылай көмек, жаңа атап өттік, микронесиелер беріп, жұмыс орындарын ашу, қажетті малын қосымша сатып алу, инфрақұрылым жағынан көмек көрсету, өндірген өнімін ары қарай өңдеуші кәсіпорындарға жеткізу, яғни жан-жақты қолдау көрсету. Ұйымдастырушылық жағынан да көптеген көмектер қажет. Әкімдіктер тарапынан да едәуір көмек көрсетілу тиіс», - деді талқыланған мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Сағынтаев.

 

Мектеп оқушысының хиджаб кигені дұрыс па?

 

Ата-анасы дін жолын қатаң ұстанатын көптеген оқушының бүгінде мектепке хиджаб киіп келетіндігі қоғам арасында кеңінен талқылануда. Біраз уақыттан бері шешімін таппай келген бұл мәселеге қатысты еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы белгілі болды. Яғни, осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Үкіметтің білім беру мекемелеріне діни киім киюге қатысты ресми ұстанымын жария етті. «Бүгінгі таңда БҒМ-ге осы сұраққа байланысты 5 мыңнан астам өтініш келген. Сондықтан бұған қатысты нақты ұстанымдарымызды айтуды ұйғардық. Мектеп жарғысында көрсетілген тәртіпке қарамастан, балаларын мектепке діни киіммен әкелетін ата-аналармен бір емес, көп мәрте түсінбеушіліктер орын алып келгенін білесіздер. Ата-аналар бізге нақты ұстанымдарымызды жариялауды сұрағандықтан, біз оң көзқарас болатынына үміттенеміз», - деді ол.

Оның айтуынша, республика мектептерінің жарғыларында барлығы нақты көрсетілген. «Егер оқушы діни киіммен келетін болса, ата-анаға ескерту жасалады. Баланы біз қумаймыз, діни атрибутиканы шешу үшін ата-аналарын шақыртамыз, оқушы ары қарай сабағына қатыса береді. Егер екінші, үшінші рет қайталана беретін болса, баланы мектепке кіргізіп, ата-анасын күтеді. Тағы бір рет ескертеміз, оқушы мектепке кірді ме, діни атрибутикасын шешуі тиіс. Мектептен шығысымен қайта кисе де болады. Мұнда ешкімге де моральдық зардап тигізбейміз деп ойлаймын» - деді Э. Суxанбердиева.

Ал  ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина бұл тыйым бұрыннан барын еске салса, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды деп санайтындығын жеткізді. «Ата-аналармен әңгімелескен жөн деп санаймын. Бірінші кезекте діни киім киетін ата-аналарға түсіндірген абзал. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты діни ұйымдармен бірге атқарып келеді, нәтижелері де бар. Мысал келтіре кетсем, Атырауды алатын болсақ, 2015 жылы мектепке оқушы xиджабпен келген 315 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдар мен діни ұйымдардың бірлескен жұмысының арқасында енді тек 113 бала қалды. Дегенмен жұмыс әлі аяқталған жоқ», - деді  Шойкин. 

 

2017 жыл еліміздің барлық аудан орталықтары 4G стандартымен қамтылады

 

Осы аптада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысы өтіп, онда ведомство басшысы Дәурен Абаев министрліктің 9 айдағы атқарған жұмыстары жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, кеңжолақты интернетке халықтың қолжетімділігі бүгінде 73 пайызға жетіп отыр. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингі индексінде 41-орынға тұрақтауына мүмкіндік берді. Тұрғындар саны 10 мың және одан да көп ауылдық елді мекендерде 3G стандартының мобильді байланысы енгізілді. 4G стандарты тұрғындар саны 50 мыңнан асатын ауылдық елді мекендерде қосылды.  2017 жылдың соңына қарай еліміздің барлық аудан орталықтары 4G стандартымен қамтылатын болады. «OTAU TV» спутниктік хабар тарату желісі еліміздің аумағын 100 пайыз қамтыған. 1 қазандағы мәліметтерге сәйкес, абоненттер саны 1,2 млн. адамды құраған.

«Қазіргі уақытта «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналарын «Kazakh TV» логотипі аясында біріктіру жүзеге асырылуда. Телеарнаның тұсаукесері таяу уақытта өтеді. «Хабар 24» телеарнасының таралым себеті барынша өзгерді, жаңалықтар контенті қысқартылды және ақпараттық-сараптамалық әрі көркем бағдарламалар өндірісі арттырылды. Дәл осындай жұмыстар барлық мемлекеттік телеарналарда, сонымен бірге біздің газеттерде де жүргізілетін болады. Біз мұның жүйелі процесс екендігін және ешкім де бір сәттегі нәтижеге уәде бермейтіндігін түсінуге тиіспіз. Біз қысқа мерзімді келешекте мемлекеттік БАҚ-тар көрермен мен оқырман ілтипаты рейтингінде барынша жоғары позицияға шығарына сенімдіміз», - деді ол.

Сонымен қатар Абаев қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік ақпарат саясатына қатысты жаңа әдістерді жүзеге асыруға бағытталған жұмыстардың жүргізіліп жатқанын еске салды. Бұл бағытта Ақпараттық жұмыс стратегиясы әзірленген. Онда контент қалыптастырудың екі басты параметрі бар.

«Ол қоғамның рухани тірегін нығайтуға, отбасы құндылықтарын, білім, отансүйгіштік және «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде белгіленген басқа да құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған «Құндылықтар картасы». Екіншісі - азаматтарға салалық бағдарламалар туралы ақпарат беруге бағытталған «Мемлекеттік PR-стратегия». Бұл ең алдымен «100 нақты қадам» ұлт жоспарына қатысты. 2017 жылдан біз бірыңғай республикалық және 16 өңірлік медиа жоспарға көшуді жоспарлаудамыз. Мысал үшін айта кетейін, қазіргі уақытта біздің ақпараттық пулымыз 58 медиа жоспар бойынша жұмыс істейді. Оларды жүзеге асыру алгоритмі орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ақпараттық жұмыстары ережесінде бекітілетін болады», - деді Абаев.

Сонымен қатар ол БАҚ мәселесі бойынша заң жобасы осы жылдың қараша-желтоқсан айларында ашық талқыланатындығын, ал 2017 жылдың наурызына дейін барлық мемлекеттік органдармен келісілген құжатты Үкіметке және 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізу қажеттігін баса айтты.

Осы ретте ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев Қазақстанда желілік басылым ретінде тіркелген блогерлер бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын құқыққа ие болуы мүмкін екендігін айтты. «Министрлік ақпараттық алаңда ресми ұсынылмағандарға қажетті шарттар жасау қажеттігін түсінеді. Бұған қоса, блогерлер біздің елімізде орын алып жатқан қандай да бір оқиғаларды белсенді жазып көрсетуде. Сондықтан да олар үшін ерікті түрде желілік басылым ретінде тіркелу мүмкіншілігі қарастырылады. Бұл заңнамалық негізде бұқаралық ақпарат құралдары құқығын алуға жақсы мүмкіншілік», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар