Ақмола облысында екі элеватор салынуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жарқайың ауданында астық науқанын ысырапсыз жинау мақсатында жаңа екі бірдей элеватор салынып, тағы бірі қайта құрылуда.

Бұл туралы Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарлады.

Жарқайың ауданының экономикасында құнарлылығы жоғары бидай өндірісі негізгі салалардың бірі болып табылатын ауыл шаруашылығы аса зор маңызға ие.

Жарқайыңдық диқаншылар қауымы облыста алдыңғылардың бірі болып астық науқанын табысты аяқтап, 600 мың гектар егіс алқабынан 12 центнерден айналған бітік өнімді уақытында қамбасына құйып алды.

Ауыл шаруашылығы дамыған аудан үшін егін орағының аяқталуы аса бір маңызды оқиғалардың бірі екені жасырын емес. Астық ору басталғанға дейін жемшөп әзірлеу де сәтімен аяқталған.

Астық оруда әрине, бірінші кезекте, комбаин паркінің техникалық әзірлігін сақадай-сай еткен диқандар ғана жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Астық ору техникасы биыл аудан бойынша 932 бірлікті құрады. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту тиімділігі мен қажеттілігі шаруа қожалықтарын бұрыннан алаңдатқан.

Осы қағиданы берік ұстанған «Ақтөбе-О», «Агропромтехника», «Тұқым Агро», «Торғай нан өнімі», «Жер-1», «Диқан-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Атай», Теміртау», Саян» «Ата-1» шаруа қожалықтары алдыңғы қатардан көрінді.

Күні-түні тыным таппай әрбір ашық күнді барынша пайдаланып, бітік астықты шашау шығармай жинаған диқанның еңбегі жанды. Осылайша Елбасының тікелей елді азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жарқайыңдықтар абыроймен орындады.

«Әрине егінді жинаумен қатар оны сақтап, келесі егін орағына дейін жеткізу де бар екені рас. Ол үшін жоғары сапалы тұқым қорлары мен сұрыптары дайындалып, пар жерлер жыртылған. Ал астықтың сақталу мәселесіне енді алаңдамаса да болады. Өйткені келер жылдан бастап жарқайыңдықтар астығын үш бірдей элеваторда сақтамақ ниетте. Сонымен қатар қойма жайлары да сақадай-сай. Өкінішке орай, өткен жылдары астықтың сыймауына байланысты шығын мөлшері зор болған. Енді бұл мәселе түбегейлі шешілді десе де болады», - дейді диқандар.

Бұл мақсатта Державинск қаласында жалпы сыйымдылығы 60 мың тоннадан астам «Алтын дән KZ» және сыйымдылығы 10,5 мың тоннаны құрайтын  «КS Инвест» ЖШС-нің элеваторлары салынуда. Ал Тасты-Талды ауылында қуаты 120 мың тоннаға дейін жететін «Агро-Нұр Азия» ЖШС элеваторы да қайта құрылуда.

Бұл жобаларды жүзеге асыру диқандардың элеваторларға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, астық тапсыруда адал бәсекелестікті құратыны айқын.   

Соңғы жаңалықтар